Елордада көпқабатты үйден секіргелі тұрған бозбала құтқарылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық полицейлер 17 жасар бозбаланы көпқабатты үйден секіргелі тұрған жерінен құтқарды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияның «102» арнасына сағат 13.00-де куәгерлерден Қалдаяқов көшесіндегі үйдің 15-ші қабатында ер адам терезеден аяғын салбыратып, секіргелі отырғаны жайлы ақпарат келіп түсті.

Оқиға орнына аға лейтенант Айбек Дүйсенов пен капитан Мұратбек Омарбековтен құралған Астана қаласы Полиция департаментінің Патрульдік полиция полкінің жасағы дереу жіберілді. Полиция қызметкерлері тез арада қабатқа көтеріліп, есіктерді қаға бастаған. Оқиға орын алған пәтердің есігін қыз ашып, болып жатқан жағдай туралы полицейлерден естіген. Қалыптасқан жағдайды бағдарлай отырып, тәртіп сақшылары пәтерге жүгіріп кірген және жігіттің қозғалған сәтін пайдаланып, терезені ашып, оны ішке қарай тартып кіргізген.

17 жастағы жігітті мұндай іс-әрекетке не итермелегені анықталуда.

Психологтермен бірлесіп онымен профилактикалық жұмыс жүргізілді және ол заңды өкілдеріне табысталды.




Фото: Әлеуметтік желіден алынды

Соңғы жаңалықтар