Елордада көпқабатты үйлердің балконына 300-ден астам ту ілінді
Көпқабатты үйлердің балконына ту ілу акциясы жыл сайын елімізде 4 маусымда атап өтілетін Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне арналды.
«Бүкіл аудандарға 330 ту берілді. Оның 150-і Сарыарқа ауданына бөлінді. Қала бойынша ту ілу жұмысына шамамен 50 адам қатысты», - деп мәлім етті Астана қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының баспасөз қызметінен.
Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, іс-шараның мақсаты – қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау, Отанға, мемлекеттік рәміздерге деген сүйіспеншілік пен махаббат сенімдерін нығайту.
«Қарсылық танытқандар болған жоқ, тұрғындар бұл челленджді өте жақсы қабылдады. Біздің басты мақсатымыз орындалды деп ойлаймыз», - деді басқарма баспасөз хатшысы Әнел Мансұр.
Айта кетейік, бүгін мемлекеттігіміздің символдарының қабылданғанына 31 жыл толып отыр. 2007 жылы 4 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.