Елордада көпшілікке жол-көлік инфрақұрылымындағы соңғы жетістіктер ұсынылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компания» АҚ және «Stinex» ЖШС жол-көлік инфрақұрылымы саласының соңғы жетістіктері көрсетілетін «КазАвтоЖол-KazTraffic-2015» атты XII халықаралық көрме өтеді. Бұл туралы ҚР ИДМ баспасөз қызметінен хабарланды.
18 қараша күні «Көрме» орталығында ҚР Инвестиция және даму министрлігі басшылығының қатысуымен көрменің салтанатты түрде ашылу рәсімі мен экспозицияны тамашалау болады. Көрме аясында 18-19 қараша күні «Инновация және жол құрылысындағы заманауи технологиялар» атты конференция ұйымдастырылады. Конференцияға Ресей, Канада және Жапония елдерінен жетекші ғалымдар мен мамандар қатысады. Сонымен қатар, Финляндия, Швеция, Қытай елдерінен ғалымдар мен сарапшылар шақырылды.
«КазАвтоЖол-KazTraffic-2015» көрмесіне барлығы 200-ге жуық делегат қатысады. Олардың қатарында бірқатар елдерден келетін көлік ведомстволарының, халықаралық және аймақтық ұйымдардың, қаржылық және жобалау институттарының, ірі шетелдік және қазақстандық көлік-логистикалық және мердігерлік компаниялардың өкілдері бар.