Елордада көптеген сауда орындары санитарлық талаптарды сақтамайтыны анықталды – қоғамдық бақылау
«Бүгін елордадағы сауда үйлері мен базарлардың санитарлық нормаларды орындауына қоғамдық бақылау жүргізу жұмысы басталды. Алғашқы бақылауды «Артем» сауда үйінен бастадық. Санитарлық талаптарға сәйкес, базарлар сағат 17:00-де жабылуы тиіс. Ал қазір міне, сағат 17:00 болды, базар әлі жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, көпшілік орындарда маска тағу режимінің сақталуын да тексереміз. Мәселен, кейбір адамдар масканы дұрыс ттақпайды, иегіне іліп қояды. Ол дұрыс емес. Келесі мәселе ара қашықтық, ережеге сәйкес сатушы мен сатып алушының арасы кем дегенде 2 метр болуы тиіс, байқағанымыздай бұл ереже сақталмаған», - деді Республикалық қоғамдық бақылау үйлестірушісі Саида Таукелева рейд барысында.
Қоғамдық бақылау өкілінің мәлімдеуінше, мониторинг нәтижесі құзырлы органдарға жіберіледі.
«Сонымен қатар санитарлық талаптардың негізгі тармақтарының бірі сауда үйі немесе базар ішіндегі адам сыйымдылығының 30%-дан аспауы. Бұл жерден көріп тұрғанымыздай көрсеткіш нормадан әлдеқайда жоғары. Осы орайда біз орындалмаған санитарлық талаптарды анықтап, оны құзырлы органдарға жіберетін боламыз. Одан әрі шешімді тиісті мекемелер өздері қабылдайды. Біздің мақсат – жағдайды өз көзімізбен көріп, мониторинг жүргізу. Біз бұл жерге сын айтып, ескерту жасау үшін келген жоқпыз, міндет тәуелсіз сарапшы ретінде болған істі болғандай баяндап беру» - деді ол.
Оның айтуынша, қоғамдық бақылау қаланың басқа да сауда үйлері мен базарларына да жүргізіледі.
«Тағы бір айтып өтетін жайт, біз сауда үйінің басшылығын алдын ала хабардар етпейміз. Себебі түсінікті олар дайындалмауы керек. Тәуелсіз қоғамдық бақылауды объективті түрде өткізіп, шынайы мониторинг жүргізуіміз қажет. Сондықтан да алдағы жұмыс күніміздің кестесі дайын, оған сәйкес біз 3 базар және 2 сауда үйін аралайтын боламыз, - деді С. Таукелева.