Елордада Корея Республикасы елшілігінің жаңа ғимараты ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік орнатудың 10 жылдығына орай Корея Республикасы елшілігі ғимаратының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфоға сілтеме жасап.

Елордада Корея Республикасы елшілігінің жаңа ғимараты ашылды

Салтанатты шараға Америка Құрама Штаттары, Польша Республикасы, Нидерланды Корольдігі сияқты дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, Қазақстанның Мемлекеттік органдары мен министрліктерінің өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласындағы корей диаспорасы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанаты шарада Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Дэсик мырза мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің Азия және Африка департаментінің директоры Ержан Мұқаш құттықтау сөз сөйледі.

Ержан Мұқаш елшілік ұжымын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, оларға табыс, сондай-ақ екі ел арасындағы әрі қарай жемісті ынтымақтастық тіледі.

Корея Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэсик бес қабатты ғимараттың құрылысы екі жылға созылып, желтоқсан айында аяқталғандығын айтты. Ол жаңа ғимараттың тұсаукесерін 24 шілдеде өткізуді жөн көргендерін, Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық әріптестіктің 10 жылдығын мерекелеу аясындағы іс-шараның символдық мәнін атап өтті.

«Белгілі бір елде Елшіліктің өз ғимаратының болуы, оның елшілік қызметкерлеріне және осы елдегі отандастарға қызмет ету мақсатымен шектелмейді, сондай-ақ олардың елі мен қабылдаушы ел арасындағы қарым-қатынас қаншалықты берік екендігін көрсетеді», - деді Ким Дэсик.

Шара барысында қонақтарға қазақстандық және корей музыканттары мен бишілерінің қатысуымен концерт қойылды.