Елордада көркем гимнастикадан «ALEM CUP» халықаралық турнирі өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Елорда төріндегі «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде 22-25 наурыз аралығында көркем гимнастикадан «ALEM CUP» халықаралық турнирі өтеді. 

медаль
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Аталмыш додаға 2008 ж.т. және одан үлкен, 2009-2010 ж. т. және одан кіші санаттағы спортшылар қатысады. Сондай-ақ қатысушылар топтық жаттығуларда да бақтарын сынайды. 

Жарыс Халықаралық гимнастика федерациясының (FIG) көркем гимнастика бойынша 2022-2024 жж. қолданыстағы ережелеріне сәйкес өткізіледі.

Айта кетейік, бұл жарыс әлемдік Федерация лицензиясы бар гимнасттар келетін көркем гимнастика бойынша лицензияланған турнир болмақ. 

- «Астана төрінде өтетін көркем гимнастика әлемінде көптен күткен іс-шара. Көркем гимнастикадан лицензияланған турнирге Египет, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Қазақстан, Беларусь елдерінің ұлттық құрамаларынан әлемдік федерацияның лицензиясы бар спортшылар келеді. Басты мақсат – елдер арасындағы ең үздік гимнасттарды анықтау. Оған қоса елордада өтетін «ALEM CUP» халықаралық турнирі әлемдік күнтізбелік жоспарға енгізілді. Біздің Қазақстан соның ішінде астаналық аруларымыз өздерін жақсы қырынан көрсетеді деп ойлаймын», - деді әлем халықаралық көркем гимнастика Академиясының басшысы Әсем Бақытжанқызы.

Айта кетейік, байрақты бәсеке Астана қаласы әкімдігінің, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің және Қазақстандық гимнастика федерациясының қолдауымен өтеді. 

Соңғы жаңалықтар