Елордада Қорқыт ата атындағы көне аспаптар ансамблінің концерті өтеді

Ансамбльдің жетекшісі - белгілі қобызшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлқуат Қазақбаев. Ансамбльдің негізі 2003 жылы құрылған «Тілеп» қобызшылар квартетінен бастау алады. Квартет елімізде ғана емес, шет елдерде де өнерімен тындармандарын тәнті еткен болатын. Атап айтқанда, Австралия, Испания, Ресей, Жапония, Түркия, Иордания, Франция, Швейцария, АҚШ елдерінде халқымыздың қобыз өнерін насихаттап, биік деңгейде өнер көрсетті.
Бүгінде ұжым қанатын кеңге жайып, ансамбль дәрежесіне көтерілді. Ансамбль мүшелері - республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары: Гаухар Қылышбекова, Дамир Әбішев, Әйгерім Ерсайынова, Айымгүл Орынбаева секілді өнерпаздар қазақтың бірнеше аспабын меңгерген кәсіби мамандар.
Өнер кешіне қазақ өнерпаздарымен бірге Түркия, Қырғызстан елдерінің өнер майталмандары қатысады. Кешті көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық өнер жанашыры Мырзатай Жолдасбеков ашады деп күтілуде.
Кештің режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылханұлы. Өнер кешін тамашалауға зиялы қауым, депутаттар, қала қонақтары мен өнерсүйер көпшілік шақырылған.