Елордада көрнекті ғалым Н. Шәйкеновті еске алуға арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оған еліміздің және бірқатар ТМД-ға мүше елдердің заңгерлері, ғалымдары келді. Сонымен қатар марқұмның отбасы, әріптестері, ҚР Парламентінің депутаттары қатысуда.
Конференцияда ғалымның мол мұрасы, оның еңбектері мен публицистикалық шығармалары зерделенетін болады.
Н. Шәйкенов тәуелсіз Қазақстанның жаңа заңнамалық тұғырнамасының қалыптасуына, сот жүйесін реформалауға зор үлес қосқан тұлға. Заң ғылымдарының докторы, профессор Н. Шәйкенов Свердлов заң институтын үздік бітіріп, сонда қызмет істеп жүрген кезінде Елбасының шақыруымен Қазақстанға келген еді. Қазақстан Президенті жанындағы экономикалық кеңестің құрамында, кейін Елбасының кеңесшісі қызметтерінде істеді. Ал 1993 жылы ҚР Әділет министрі лауазымына тағайындалды.
«Ол Қазақстанның жаңа қоғамдық қарым-қатынасын, жаңа меншік түрлерін, заңдық және жеке тұлғалардың жаңа құқықтарын айқындайтын Азаматтық Кодексті әзірлеуге және оны алға жылжытуға белсенді қатысты. Н. Шәйкенов елдің 1995 жылғы Ата Заңын әзірлеуге атсалысты», деді Қазақ гуманитарлық-заң университетінің президенті Мақсұт Нәрікбаев.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметінде Н. Шәйкенов ІІМ, Әділет министрлігі және сот реформаларын жасауға және құқықтық саясат саласында үлкен еңбек атқарды. 1999 жылы Қазақстан заңнамасының дамуына қосқан оның үлесі еленіп, «Парасат» орденімен марапатталды. 1996 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетінің басшылығын қолға алып, саясат мінберінен ғылыми жолға түседі. «Н. Шәйкеновтің танымалдылығы, қайталанбас бейнесі арқылы - университет Қазақстанның белгілі жоғары оқу орнына айналды. Мұндағы қалыптасқан университеттік дәстүрлер әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді», дейді М. Нәрікбаев.
Қазір бұл жоғары оқу орнында ғалым Н. Шәйкеновтің атындағы шәкіртақы беріледі. М. Нәрікбаевтың айтуынша, оқу орнында заңгер-ғалымның зертханасын ашу жоспарлануда.