Елордада коронавирусқа шалдыққан аналар 12 дені сау нәрестені дүниеге әкелді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада коронавируспен ауырған аналар 12 дені сау нәрестені дүниеге әкелді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада коронавирусқа шалдыққан аналар 12 дені сау нәрестені дүниеге әкелді

«Біз барлық ұсыныстар мен берілген кеңестерді орындауды сұраймыз. Бұл барша тұрғындар үшін қажет. Осы жағдайға қарамастан, өмір жалғасуда. Елордада коронавирус жұқтырған аналар 12 дені сау нәрестені дүниеге әкелді. Бұл өз кезегінде біздің медицина қызметкерлерінің өте үлкен әрі қарқынды жұмысының нәтижесі екенін атап өткен жөн», - деді Сәуле Қисықова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада вирус жұқтырған жалпы 2 620 адам анықталды. Оның ішінде 270-і бала . 1 829 науқас немесе 70 пайызы жазылып шықты. Өкінішке қарай, толық көлемде жүргізілген медициналық көмекке қарамастан, 14 адам қайтыс болды.

«Бүгінде коронавирус инфекциясымен 730 науқас ауруханада жатыр. Олардың ішінде 48-інің жағдайы ауыр, соның арасында 18 науқас өте ауыр жағдайда. Олардың өкпелері жасанды желдету аппаратына қосылған», - деді С. Қисықова.