Елордада көше саудасына арналған орындар аукционы басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы дүйсенбі, 28 қаңтар күні елордада көше саудасына арналған орындарды бөлу аукционы басталады. Бұл туралы Астана қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада көше саудасына арналған орындар аукционы басталады

«Өздеріңіз де «1000 орын - көше саудасы» бағдарламасын білесіздер. Бұл жерде аукцион толықтай онлайн режімде жүргізіліп, «блокчейн» технологиясы 100 пайыз ашықтықты қамтамасыз етеді. Ендігі уақытта қандай да бір фактісі ауыстырып қою мүмкін емес», - деді ол.

Оның айтуынша, бұған дейін аукцион адамдардың қатысуымен жүргізіліп келген болатын. Бұл кәсіпкерлерге қолайсыздық тудыратын және ұзақ уақытты алатын процесс еді.

«Қазіргі уақытта телефон арқылы тіркеліп, бастапқы кепілдік жарнаны төлеу арқылы аукционға қатысуға мүмкіндігі жасалып отыр. Бүгінгі күннің соңына дейін өтінімдерді қабылдау аяқталады. Осыдан екі апта бұрын хабарландыру берген едік. Ал аукцион дүнисенді күні басталады», - деді Ә.Әбдіқадыров.

Жалпы, оның дерегінше, 2018 жылы астанада 13 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың өнім өндіруі 21,9 пайызға артып, 3,5 трн теңгені құраған. Қызмет жасайтын субъектілердің саны 2019 жылдың 1 қаңтарында 125 мыңнан астам болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,2 пайызға артық.