Елордада көшпенділер ойыны кезінде Shuttle Bus бағдары енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Көшпенділер ойындарына қатысатын спортшылар мен көрермендерді тасымалдайтын арнайы автобустар ұйымдастырылады. Бұл туралы №1 автобус паркінің басқарма төрағасы Мадияр Тұқпатов мәлім етті.

«100 автобус дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын спортшыларды тасиды. Оларға берілетін Shuttle bus-тар қонақ үй мен ойын алаңдары арасында қатынайды. Сондай-ақ, көрермендерге де 100-200-дей автобус дайындау жағын қалалық әкімдікпен пысықтап жатырмыз», - деді Мадияр Тұқпатов №1 автобус паркінде ұйымдастырылған баспасөз туры барысында.

Сондай-ақ, №1 парктің кейбір автобустары көшпенділер ойындарына орай арнайы безендірілген.

Еске салайық, 8-13 қыркүйек аралығында Астанада этникалық спорт түрлері бойынша халықаралық спорттық жарыстар – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Спорттық іс-шараға 89 елден 2 мыңнан астам адам қатысады.

Көшпенділер ойындарының салтанатты ашылуы «Астана аренада» өтеді.
Айта кетейік, елорда дүниежүзілік көшпенділер ойындарына орай арнайы безендіріліп жатыр.
