Елордада ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің І форумы өтуде
Алқалы жиынды ашқан академия ректоры Арын Өрсариевтің атап өтуінше, форум Елбасы саясатын қолдау, мемлекеттік басқару процесіне қатысы бар буындардың өзара байланысын жалғастыру үшін алдағы уақытта Академияның әртүрлі жылдардағы түлектерін біріктіру мақсатында «Президентпен бір командада - күшті Қазақстан үшін» ұранымен өткізілуде.
«Соңғы 10 жылда барлық институттар бойынша түлектер саны шамамен 1000 адамды құрады. Оның ішінде қазіргі уақытта 100-ден астам түлек жоғары лауазымдық қызметтер атқарады. Яғни, іс жүзінде біздің түлектердің әрбір оныншысы 10 жыл ішінде жоғары мемлекеттік лауазымға қол жеткізеді», - деді ол.
Оның айтуына қарағанда, 2009 жылы түлектердің 27 пайызының лауазымы жоғарылаған. Ал тағы 40 пайызы судья болып тағайындалған. Академия түлектері алдында бірқатар елдердің президенттері, Гарвард, Лондонның экономикалық саяси ғылымдар мектебі, Сингапурдың ұлттық университеті сынды әлемнің үздің білім ошақтарының жетекші ғалымдары дәріс оқыған.
Алқалы жиын соңында академияның бұрынғы басшыларына альбомдар мен естелік сыйлықтар табыс етіліп, түлектердің І форумының қарары жария етілмек.