Елордада Құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті
АСТАНА. 7 қазан. ҚазАқпарат - Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен Құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Жиында әкімшілік айыппұлдарды өндіру туралы қаулыларды орындаудағы заңдылықтың жай-күйі, сондай-ақ әкімшілік практика субъектілерінің негізгі міндеттеріне қатысты мәселелер талқыланды.
Отырыс барысында мәлім болғанындай әкімшілік айыппұлдарды өндіру туралы қаулыларды орындаудағы заңдылықтың жай-күйі өте төмен дәрежеде. Әкімшілік іс жүргізу өндірісін статитикалық сүйемелдеудің қалыптасқан сызбанұсқасының арқасында айыппұл салу және өндіру бойынша көптеген фактілердің бұрмаланғаны анықталып отыр.
Мемлекеттік органдардың ведомстволық есептеріндегі мәлімет пен құқықтық статистика органдарының мәліметтері арасында елеулі алшақтықтар бар. Ал жалған кәсіпорындарға салынған айыппұлдар бұл жағдайды қиындата түсуде. Сот орындаушылары қаулыларды орындау мерзімін бұзып, орындаушылық құжаттар негізсіз тоқтатылып, қайтарылған, борышкерлердің мүлік жағдайын анықтау бойынша шаралар қолданылмайды. Нәтижесінде мемлекет пайдасына өндірілген айыппұлдардың біраз бөлігі бюджетке түспей отыр. Үйлестіру кеңесінің отырысында оған қатысушылар аталмыш мәселелер төңірегінде пікір алмасып, олар бойынша тиісті ұсыныстар енгізді.