Елордада құқық қорғау органы қызметкерлерін дайындайтын екі оқу орны өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды
АСТАНА. Желтоқсанның 10-ы.ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін С. Есқараев атындағы ҚР Бас прокуратурасының жанындағы Заңдылық, құқық тәртібі проблемаларын зерттеу және прокуратура органдары кадрларының біліктілігін арттыру институты мен Қаржы полициясы академиясының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Зерттеу институтының директоры Сарқытбек Молдабаевтың айтуынша, құқық қорғау кадрларын дайындайтын аталмыш оқу орындары аталмыш құжат негізінде білім беру аясындағы шараларды бірлескен түрде жүзеге асырмақ. Яғни, болашақта аталмыш білім ордалары өзара ынтымақтастық саясатын ұстанатын болады.
Келісімге С.Есқараев атындағы институт директоры Сарқытбек Есқараев пен Қаржы полициясы академиясының басшысы Рамазан Тілеухан қол қойды. «Құқық қорғау кадрларын дайындайтын оқу орындары жетістіктері мен тәжірибелерін өзара бөлісіп отырғандары жөн. Білікті заңгер мамандарды дайындау саласында ортақ теориялық тәжірибенің болғаны өте тиімді. Өйткені, біздің мақсатымыз ортақ. Ол мемлекеттік қызметкер дайындау», деді С.Есқараев.
Оның сөзін Қаржы полициясы академиясының басшысы Р.Тілеухан да қолдап, екі оқу орнының арасында «алтын көпір» пайда болғандығына қуанышты екендігін жеткізді.