Елордада күн райының қолайсыздығынан жол-көлік оқиғасы жиіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында күн райының қолайсыздығы салдарынан жол-көлік оқиғасының саны артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Елордада күн райының қолайсыздығынан жол-көлік оқиғасы жиіледі

Елордалық Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Арман Айтмағамбетовтің айтуынша, бүгін таңғы сағат 7:00-ден бері қала аумағында 70 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Күн райы бұзылып, жауын-шашынның түсуіне байланысты аталған ведомство астаналық көлік жүргізушілерге жолда сақ болу керектігін ескертеді. Яғни жол жүру ережесімен қатар, жылдамдық режимін, қауіпсіздік қашықтығын және маневр жасау ережесін қатаң сақтауға шақырады.

«Көлік жүргізушілер үшін басты қауіп ылғалды асфальт. Жол тайғақ, оның үстіне түнгі қатқақ басталды. Бұл жағдай көлік құралдарының тежеу жолының ұлғаюына ықпал етеді. Сондай-ақ, елорда полицейлері қауіпсіздік мақсатында жүргізушілерден көліктің жазғы дөңгелегін қысқыға ауыстыруға кеңес береді. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер де жолда сақ болған жөн», - делінген хабарламада.