Елордада күн сайын екі мыңға жуық жол қызметкері қала көшелерін тазалайды

Астананың коммуналдық қызметтері қоршауларды, көпірлерді, ескерткіштерді, тротуарларды және басқа да нысандарды жуып тазалап жүр. Елорданың коммуналдық қызметтері күн сайын қаланың төрт ауданында санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізеді. Саябақтар, гүлзарлар, алаңдар, аула аймақтары қоқыстан тазартылады, тротуарлар мен жолдар, аялдамалар, қоршаулар және басқа да осындай орындар жуылып тазаланады, сондай-ақ көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Тазалау жұмысына екі мыңға жуық жол қызметкері мен 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.
Асфальт пен тротуарлар, аялдамалар мен жол белгілері, қоршаулар, жер асты өткелдері арнайы ерітіндімен жуылады. Сол сияқты, қоқыс жәшіктері қолмен тазаланады. Коммуналдық қызмет мамандары ағаштардың түбін қопсытады әрі жаңа ағаш отырғызатын орындарды дайындайды, субұрқақтардың жұмысына да мән береді.
Еске сала кетейік, 16 сәуір мен 16 мамыр аралығында елордада «Birge – taza Qazaqstan» жалпыреспубликалық акциясы аясында экологиялық айлық өтеді. Қалада жалпықалалық және коммуналдық сенбіліктер, сондай-ақ ағаш отырғызу жоспарланып отыр.