Елордада құрылыс компаниялары объект аумағын үш жыл бойы көгалдандыруға міндетті
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елордада және қала маңындағы «жасыл белдеу» аумағында шамамен 1 миллион жасыл желек отырғызылды.
- Биыл 170 қоғамдық және аула кеңістіктерін абаттандыру жұмыстары аяқталды. Оның ішінде Ұлытау аллеясы, Мәңгілік ел, Тәуелсіздік, Тұран даңғылдары, Қазақ елі алаңы, Мыңжылдық аллеясының бір бөлігі, Жүргенов аллеясындағы сквер, ескі вокзал аумағы мен оған іргелес Гете және Біржан сал көшелері, Жастар саябағы, сондай-ақ «Керуен» және «Хан Шатыр» сауда орталықтарының жанындағы скверлер абаттандырылып, көгалдандырылды. Сонымен қатар, Ақбұлақ жағалауы, Президент саябағы және Бейбітшілік пен келісім саябағы кіретін Есіл өзенінің бойындағы саябақтар кластері абаттандырылып жатыр. Сондай-ақ, Жағалау шағын ауданында 18 гектар аумақты кешенді абаттандырдық, - деді елорда әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.
Әкімнің есебінше, биыл қала мен «жасыл белдеу» аумағында шамамен 1 миллион жасыл желек отырғызылды. Олардың ішінде елорда климатына бейімделген еуропалық ағаш түрлері де бар.
- Қаланы көгалдандыру жарғысы қабылданды. Енді бірде-бір құрылыс салушы дендропланды іске асырмай және объекті айналасындағы жасыл желекті үш жыл бойы күтіп-баптау бойынша міндеттерді өзіне алмай, объектіні тапсыра алмайды, - дейді ол.
Бұған дейін Жеңіс Қасымбек биыл елорданың жеке табысы 1 трлн теңгеден асқанын айтты.