Елордада Құрманғазы атындағы VIII республикалық халық аспаптарында орындаушылар байқауы басталды

АСТАНА. Мамырдың 24-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы Президенттік мәдениет орталығында Құрманғазы атындағы VIII республикалық халық аспаптарында орындаушылар байқауының ашылу рәсімі өтті.

Елордада Құрманғазы атындағы VIII республикалық  халық аспаптарында орындаушылар байқауы басталды

1983 жылы ұлы күйшіге құрмет ретінде басталған өнер бәйгесінің 2 жылда бір рет дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқандығын атап өткен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтжан Тоқтағанның сөзіне қарағанда, бұл домбырада, шертерде, қобызда, қылқобызда, сырнайда орындаушылардың ең жоғары конкурсы. «Әр ел өзінің ұлы адамдарының атында конкурс өткізеді. Мәселен, Польшада Шопен, Ресейде Чайковский атындағы конкурс бар. Ал еліміздегі Құрманғазы атындағы байқау - ең басты конкурсымыз», дейді ол.

Оның айтуынша, өткен жылдарға қарағанда биыл қатысушылардың саны аз болғанымен олардың сапасы жоғары болып отыр. Себебі бұрындары көбіне колледждердің, консерваториялардың студенттері қатысса, ағымдағы жылы қатысуға магистранттар, аспиранттар, жұмыс істейтін азаматтар, оркестрлердің концертмейстері ниет білдірген.

Аталған конкурс барысында «Домбыра, шертер», «қобыз, қылқобыз», және «сырнай» аталымдары бойынша музыкалық білімі бар, байқаудың талап-шарттарын толық меңгерген, еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған 16 мен 32 жас аралығындағы 50-ден астам үміткер бақ сынайды. Сайыскерлер конкурс талаптарына сәйкес әр кезеңде Құрманғазының 25 күйін, шетелдік және қазақ композиторларының қазіргі заманғы және классикалық туындыларын жатқа орындайды. Байқаудың ең негізгі шарты Құрманғазы конкурсында лауреат болғандар, яғни 1,2,3-ші орын алғандар қатыспайды.

Мамырдың 28-іне дейін жалғасатын конкурстың «домбыра, шертер» аталымы ҚР Президенттік мәдениет орталығында, «қобыз, қылқобыз» аталымы Қазақ ұлттық өнер университетінің орган залында, ал «сырнай» аталымы аталған университеттің концерт залында өтеді. Бірінші аталымға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтжан Тоқтаған, екіншіге ҚР халық әртісі профессор Ғалия Молдакәрімова, үшіншіге Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Алексей Ефременко төрағалық еткен қазылар алқасы төрелік жасайды.

Мәдени шараны ҚР Мәдениет министрлігі мен «Қазақ әуендері» АҚ-ы ұйымдастырып отыр.