Елордада құрылыс жұмыстарын талапқа сай атқармаған 58 нысан бақылауға алынды
Елордада тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысы аясында 58 нысан тұрақты бақылауға алынды, деп хабарлайды astana.gov.kz.
Аталған нысандардың құрылысында Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» және «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдары сақталмаған, сондай-ақ, өндірістік жұмыстары кестеден айтарлықтай кешіктіріліп жатыр.
Тиісті заңбұзушылықтар қала тұрғындарының өтініштері бойынша және кезекші жоспар жасаудың нәтижесінде анықталды. Анықталған фактілер бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі. Әрбір нысан бойынша құрылысты аяқтау жөніндегі нақты алгоритм әзірленді. Нысандар тұрақты бақылауға алынды және мемлекеттік органдар өз құзыреттілігі шегінде белгіленген тәртіпте құрылысқа қатысты ескертулерді жоюға көмек көрсетеді.
Бұл ретте қала әкімдігі нысандарды мемлекет қаржысы есебінен аяқтау мүмкін еместігін алға тартты.