Елордада күйші-композитор Нұрлан Бекеновтің «Көңіл сазы» шығармашылық кеші өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 16 сәуір күні (сағат 17-00) Е.Рахмадиев атындағы Елорда мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің дирижері, мәдениет қайраткері, күйші, композитор Нұрлан Бекеновтің «Көңіл сазы» атты шығармашылық кеші өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Қазақстан» орталық концерт залының камералық залында өткелі тұрған бұл басқосуда қазақтың домбыра аспабы және күй өнері туралы сыр шертілетін болады.

–Домбыраның бес бұрауы туралы ойлар ортаға салынады. Яғни, шалыс бұрау, қалыс бұрау, тел бұрау, оң бұрау және теріс бұрау жөнінде мағлұматтар беріліп, осы бес бұрауда күйлер орындалады. Басты мақсатымыз – қазақ домбырасының бес бұрауын насихаттау, халыққа кеңінен таныстыру. Сонымен қатар домбыраның түрлері жұртшылық назарына ұсынылады. Оның ішінде ұлттық аспабымыздың тұмар домбыра, шіңкілдек домбыра, қалақ домбыра және қозықұйрық домбыра деп бөлінетін төрт түрінің орындау ерекшеліктерін көрсетеміз. Бұны әрбір қазақтың білгені жөн десек, ал жас ұрпақ үшін мұндай құндылықтарымызды біліп, көре білуі өте маңызды, - дейді күйші-композитор Нұрлан Бекенов.

Бұл кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Амантай Жұмашев пен Анар Мұздаханова және «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жүсіпова өнер көрсетеді.

Мәдениет саласының үздігі Жанар Қасымова жетекшілік ететін, биыл құрылған «Бойтұмар» қобызшылар квинтеті, Қарлыға Ниханбаева жетекшілігімен «Жас өрен» балалар ансамблі және «Ақжанбек-Арыс» домбырашылар ансамблі түрлі домбырамен күй орындап береді.

Айта кету керек, Нұрлан Бекеновтің ақын Таубай Сақтағанұлына арнаған «Ақын арманы немесе Таубай толғауы» атты күйі тұңғыш рет көрермендер назарына ұсынылмақ.

Сонымен қатар Айтқали Жайымовтың «Желдірме», «Қосбасар» деген күйлері көрермендер назарына ұсынылмақ.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі – жазушы Кемел Тоқаевтың «Ұясынан безген құс» романының желісінде шыққан «Ұясынан безген құс» атты күй сахнада алғаш рет орындалғалы тұр. Күйдің авторы – Нұрлан Бекенов. Сондай-ақ Жетісу күй өнерінің белгілі өкілі Сыбанқұлдың «Түсіпханның зары» деген күйі шертіледі. Түсіпхан Абайдың туысқаны болып келеді, 25 жасында өмірден ерте озған.

Сонымен қатар Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбеттің күйлері орындалады.

Кешті ақын Қуат Ежембек пен жас өнерпаз Айсәуле Алданышбай жүргізеді. Күйлердің шығу тарихы мен ерекшеліктері туралы сөз қозғалады және өлеңдер оқылады.

Соңғы жаңалықтар