Елордада «Қылмыстық сот процесіндегі прокурорлар қызметін жетілдіру» атты республикалық семинар өтуде
АСТАНА. Сәуірдің 12-сі. ҚазАқпарат - Сәуірдің 12-13-і күндері ҚР Бас прокуратурасы жанындағы С.Есқараев атындағы Прокуратура органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, заңдылық және құқық тәртібі проблемаларын зерттеу институты ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығымен бірлесіп, «Қылмыстық сот процесіндегі прокурорлар қызметін жетілдіру» атты республикалық семинар өткізуде.
Бұл ақпаратты аталған институтының баспасөз қызметі таратып отыр.
Шараға ҚР Бас прокуратурасының салалық бөлімшелерінің басшылары, РФ прокуратурасы, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы институттардың мамандары, Қазақстан мен Ресей халықаралық және үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері қатысуда.
«Прокуратура заңдылық, құқықтық тәртіпті сақтау және мемлекетпен азаматтардың мүддесін қорғайтын басты қадағалаушы орган ретінде құқықтық реформаның алғы шебінде болуы тиіс. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылғы Жолдауында құқық қорғау органдары алдына еліміздегі заңнамалық әлеуетті одан әрі демократияландыру және ізгілендіру туралы нақты міндеттер қойылды. Сондықтан прокуратура органдарымен өз қызметін оңтайландыру, жетілдіру және прокуратура қызметкерлерін жаңа сапада қалыптастыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде», делінген баспасөз хабарламасында.
Семинар аясында сот процесіндегі прокурордың қызметіне қатысты өзекті мәселелер; қылмыстық істі дайындау және талдау, алқабилерді дайындау, алқабилер қатысуымен өтетін соттағы тергеуге прокурордың қатысуы, қылмыстық істі талдау және оған ұстаным таңдау, қылмысты жіктеу және басқалары талқыланбақ.