19:17, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
Елордада қырғыз қолөнер шеберінің көрмесі ашылады
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Сайлау Абылаев/ - Наурыздың 5-інде елордадағы Президенттік мәдениет сарайының мұражайында Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Райгүл Ахматованың «Киіз» атты жеке көрмесі ашылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оған қолөнершінің жүннен тоқылған және киізден жасалған бұйымдары қойылады. Өзінің бірегей өнерімен қырғыз шебері көптеген шет елдерде көрме ұйымдастырған. Оның осы жолы жұртшылық назарына ұсынылған «Өмір жолы», «Мойраның жіптері», «Таулар-адамдар», «Шексіздік» «Пазырық жамылғысы» және басқа да туындылары қазақ және қырғыз халықтарының өнердегі түп-тамырының ортақтығын көрсетеді. Р.Ахматованың «Ән салушылар», «Қайшылық» сияқты көптеген жәдігерліктері Г.Айтиева атындағы Қырғыз Ұлттық бейнелеу өнері мұражайында сақталып тұр. Елордадағы көрме бабалардан мұра боп жеткен түркі халықтарының ортақ қолөнер кәсібінің құпиясынан сыр шертеді.Бұл шараның ұйымдастырушылары ? ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Президенттік мәдениет орталығы. Көрменің салтанатты ашылуына Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Елшісі Жаныш Рүстембеков, ҚР Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктерінің, Америка, Жапония, Мажарстан, Үндістан елшіліктерінің өкілдіктері, қоғам және мәдениет қайраткерлері, республикалық БАҚ өкілдері қатыспақ. Көрме наурыздың 30-ына дейін жалғасады.