Елордада қыркүйектен бастап су 15-20 пайызға қымбаттайды

АСТАНА. 19 шілде. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап елордада су бағасы көтеріледі.

Елордада қыркүйектен бастап су 15-20 пайызға қымбаттайды

Осыған орай бүгін «Астана су арнасы» мекемесі тұтынушыларға су-кәріз қызметтері тарифінің өсуі себептерін  түсіндіруге арналған дөңгелек үстел отырысын өткізді.

«2011 жылдың 25 шілдесінде Астана қалалық табиғи монополияларды реттеу департаментінің бұйрығымен біздің кәсіпорынға сараланған тарифтердің шекті деңгейі бекітілген болатын. Онда тұтынушылардың тобы бойынша және жекелеген суды есептеудің құрылғылары бар жеке тұлғалардың суды тұтыну көлемі бойынша тарифтер қарастырылған. Осы бұйрыққа сәйкес тарифтерді жылсайын кезең кезеңімен көтеру қарастырылған. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап су 15-20, ал 2013 жылдың қыркүйегінде 5 пайызға қымбаттайды», - деді «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының бас директоры Уәлихан Досаев.

Оның атап өтуінше, суға сараланған тариф бұған дейін Алматы қаласында ілкі жоба ретінде енгізілген әрі ол өте жақсы әлеуметтік-экономикалық нәтижелер көрсеткен.

Сондай-ақ бас директордың айтуына қарағанда, мекемеде 3 жылға арналған инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылуда. Оның аясында бірқатар стансаларды, су және кәріз жүйелерін жаңарту көзделген.

«41 арнайы мамандандырылған техника сатып аламыз. Жалпы осы жылы бағдарлама аясында 44,1 млрд. теңге қарастырылған. Тек осы жылдың ішінде ғана 1 млрд. теңге инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бөлінген. Қазіргі күні оның 700 млн. теңгесі игерілді», - деді ол.