19:07, 28 Қазан 2015 | GMT +5
Елордада қызмет ететін мейірбикелердің кәсіби даярлығы тиісті деңгейде емес - денсаулық сақтау басқармасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада қызмет ететін мейірбикелердің кәсіби даярлығы тиісті деңгейде емес. Бұл туралы бүгін биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Мейірбикелік істі дамыту бойынша үйлестіруші кеңестің отырысында Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Иван Ли мәлім етті.

«Бүгінде бізде мейірбикелердің кәсіби даярлығы өте төмен және бұл біздің басты проблемамыз. Мәселен, еңбек өтілі бар мейірбикелердің арасында тиісті деңгейде біліктілігі жоқ екені анықталып жатады», - деді И. Ли.
Оның сөзіне қарағанда, елордадағы мейірбикелердің кәсіби біліктілігінің статистикасы нашар. Астанада даярлығы бірінші және жоғары санаттағы мейірбикелер өте аз.
«Елорда үшін бұндай көрсеткіш лайықты емес. Шетелде, оның ішінде Германияда немесе Израильде жоғары мейірбике білімі медициналық қызметкердің жоғары мәртебесіне тең. Олар отбасылық медицина аясында жұмыс істейтін негізгі медициналық қызметкерлер болып табылады», - деді И. Ли.