Елордада LRT құрылысына байланысты Қалдаяқов көшесінде қозғалыс уақытша өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада LRT құрылысы бойынша жұмыстарды жүргізу жоспарына сәйкес Ш. Қалдаяқов көшесінде жол қозғалысы уақытша өзгертіледі. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты CTS компаниясына сілтеме жасап хабарлайды.

Өзгеріс кестесі төмендегідей:
— 10 сәуірден 25 сәуірге дейін — инженерлік желілерді қайта құру жұмыстарын жүргізуге байланысты Ш.Қалдаяқов көшесі бойынша, Тәуелсіздік даңғылынан Ж. Нәжімеденов көшесіне дейінгі учаскеде қозғалысты толық жабу жоспарланып отыр.
— 10 сәуірден 10 маусымға дейін — LRT объектісі жолының жоғарғы құрылымының элементтерін төсеу үшін парапеттер мен бетон негізді құю жұмыстарын жүргізуге байланысты Ж.Нәжімеденов көшесінен (И. Панфилов көшесі) Арыс көпірі бағытындағы қарсы қозғалыс жолағына шығатын екі жолаққа дейінгі қозғалыстар ішінара шектеледі. Сонымен қатар Сығанақ көшесі жағынан қозғалатын көлік үшін бұрылу жолағын сақтай отырып, Арыс көпірінен Ж.Нәжімеденов көшесі (И.Панфилов көшесі) бағытында бір жолаққа дейін қысқарту жүргізіледі.
— Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды, жүру бағытыңызды алдын ала жоспарлауды және келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз, - деп жазылған CTS компаниясының хабарламасында.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда Құрманғазы көшесіндегі көлік қозғалысы уақытша шектелетінін хабарлаған едік.