Елордада LRT-тының қосылуы әуежай жолаушыларына қалай әсер етті
АСТАНА. KAZINFORM — LRT арқылы әуежайға баратындар саны артып келеді. Бұл туралы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Бекен Сейдахметов мәлім етті.
BIZDIÑ ORTA подкастында LRT-тының қосылуы елорда әуежайына қаншалықты әсер еткені сұралды.
- LRT желесі жолаушыларға қызмет көрсету жағдайын жақсартты. Әуежайға пойыз вагондары көбіне жолаушыларға толы келіп жатыр. Көбп жағдайда жастар сапарлап жүргенін бақадым және 200 теңгелік тариф қолайлы деп ойлаймын. Мәселен, таксимен қаланың орталығынан әуежайға дейінгі жету құны әлдеқайда жоғары. Кешкілік уақытта тариф тағы да өсуі мүмкін, - деді Бекен Сейдахметов.
Осы орайда ол LRT-тының қосылуы такси қызметіне тарифтің төмендеуіне ықпал еткенін айтты.
- Сонымен қатар, қала автожолдарындағы кептеліс кезінде LRT арқылы жету уақыт үнемдейді, - деді басқарма төрағасы.
Еске салсақ, Астанада жаңа әуежайдың құрылысы келесі жылы басталады.