Елордада мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 24 мың талап-арыз түскен

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік органдармен дау-дамай бойынша әкімшілік істерде шешімдердің жартысынан астамы азаматтар мен бизнес өкілдерінің пайдасына шығарылған.

мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Бұл жөнінде Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының судьясы Айым Шаяхметова мәлімдеді.

— 2021-2026 жылдар аралығында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 24 007 әкімшілік талап-арыз бен өтініш келіп түскен. Олардың ішінде: шешім шығарумен қаралғаны — 7 004 іс, қанағаттандырылғаны — 3 563 іс, талаптарды қанағаттандырудан бас тартылғаны — 3 441 іс, медиация тәртібімен реттелгені — 3 463 іс; жалпы аяқталған өндірістер саны — 21 327 іс. Жалпы алғанда, елордадағы мемлекеттік органдармен дау-дамайда әкімшілік істер бойынша қабылданған шешімдердің 56 пайыздан астамы азаматтар мен бизнес өкілдерінің пайдасына шығарылған. Бұл көрсеткіштер әкімшілік әділет бұзылған құқықтарды қалпына келтірудің пәрменді тетігіне айналғанын көрсетеді, — деді ол.

Сонымен бірге, Айым Шаяхметова татуластыру рәсімдерінің маңызын атап өтті.

— Соңғы бес жылда Астана қаласында 3,5 мыңнан астам әкімшілік дау медиациялық келісімдер мен тараптарды татуластырудың өзге де тәсілдері арқылы шешімін тапты. Мұндай тәсіл азаматтар мен мемлекеттік органдарға ұзаққа созылатын сот талқылауынсыз өзара қолайлы шешімге келуге мүмкіндік береді, әлеуметтік шиеленісті төмендетіп, сот жүйесіне деген сенімді арттырады, — деді ол.

Сондай-ақ, соңғы бес жылда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты процестік міндеттерін бұзғаны және сот талаптарын орындамағаны үшін 995 лауазымды тұлғаға ақшалай өндіріп алу шарасын қолданды.

Айта кетейік, бұған дейін әкімшілік дауларды шешуде жүйелілік қажет екені жөніндегі Президент мәлімдемесін жариялағанбыз.