Елордада Маңғыстау және Ақтөбе облыстары ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өтуде

АСТАНА. 9 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының Орталық алаңында Маңғыстау және Ақтөбе облыстары ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өтуде.
None
None

Маңғыстау облысы жәрмеңкеге 60 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін әкеліп отыр. Оның ішінде 10 тонна ет, 10 тонна балық, 1 тонна қазақ ұлттық тағамдары - құрт, балқаймақ, ірімшік, 30 тонна көкөніс және 9 тонна сүт пен қышқыл сүт өнімдері бар.

Сондай-ақ, бүгін ҚР Ұлттық кітапханасында облыс әкімі Алик Айдарбаев, ҚР Парламенті депутаттары және Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың қатысуымен «Маңғыстау ақын-жазушылары» атты 50 томдық Маңғыстау ақындары мен жазушыларының үздік шығармалар жинағының тұсаукесері өтеді. 10 қараша, жексенбі күні Конгресс- холл сарайында Маңғыстау облысы халық өнерінің тақырыптық көрмесі ашылады. Сонымен қатар өңірдің өнер шеберлерінің гала-концерті болады.

Ал Ақтөбе облысынан жәрмеңкеге 12 ауданның және Ақтөбе қаласының кәсіпкерлері қатысуда. Олар Астанаға 130 тонна өнім жеткізді, оның ішінде 50 тонна ет, 12 тонна балық, 35 тонна картоп пен көкөніс, 2 тонна сүт тағамдары, 5 тонна өсімдік майы, 3 тонна шұжық өнімдері, 5 мың дана жұмыртқа және 20 тонна басқа да өнімдер бар.

Облыстың қайта өңдеу кәсіпорындары сан алуан өнім түрлерін ұсынып отыр. Атап айтқанда, олар - «Айс» ЖШС сүт өнімдері, «Рамазан», «Ақтөбе астық өнімдер комбинаты» және «Ақтөбе-нан» ЖШС-нің ұн, макарон өнімдері, «Степное», «Рокос» ЖШС-нің шұжықтары. Бұдан басқа «Ардағым» шаруашылық қожалығы бекіре тұқымдас тірі балықтар әкелген.

Барлық тауарлардың бағасы Астанадағы бағадан 10-20 пайыз төмен.

Соңғы жаңалықтар