Елордада медициналық анықтаманың шынайылығын интернет арқылы тексеруге болады
Осыған байланысты Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы аталған заңсыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында Ішкі істер департаменті, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті төртжақты келісімге қол қойып, жалған анықтамаларды болдырмау үшін біріккен іс-шаралар жоспарын әзірледі. Бұл туралы astana.kz сайтына Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті.
Бұл іс-шара аясында берілген әрбір анықтаманың қауіпсіздігін сақтау қарастырылған.
Барлық медициналық мекемелерде 086.kz ресми сайты ашылды. Онда барлық заңды қолданыстағы анықтамалар туралы ақпараттар орналастырылған.
"Енді әрбір жұмыс беруші сайтқа кіру арқылы анықтаманың жалған еместігін тексере алады. 086.kz сайтына кіру кезінде тиісті азаматтың ЖСН-ін теру арқылы жұмыс беруші берілген медициналық анықтаманы тексеруге құқы бар" - деп хабарлайды ведомство.
Көрсетілген ақпарат жұмыс берушіге өз тарапынан анықтаманың жалған еместігіне көз жеткізу үшін, ал құқық қорғау органдарына бақылау жасауға көмектеседі. Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау басқармасы медициналық анықтаманың бүтіндей қауіпсіздігін қорғайтын және жалған анықтама жасауға жол бермейтін формасын әзірледі. Әрбір медициналық мекемелерде құқық қорғау органдарымен бірге қадағалайтын жауапты тұлға бекітілді. Жалған анықтама берілгені анықталатын болса, қатаң жазалау көзделуде.