Елордада мектеп медицинасы денсаулық сақтау жүйесіне беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада жалпы білім беру ұйымдарындағы мектеп медицинасы Денсаулық сақтау басқармасына беріледі, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.

Елордада мектеп медицинасы денсаулық сақтау жүйесіне беріледі

Астана қаласы әкімінің тапсырмасымен Денсаулық сақтау басқармасы Білім басқармасымен және Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментімен бірлесіп мектеп медицинасын Денсаулық сақтау басқармасының ведомстволық қарауына беру туралы Жол картасына қол қойды.

Құжатқа сәйкес, мектеп медицинасының Денсаулық сақтау басқармасының қарауына өтуі кезең-кезеңмен жүргізіледі. Мектептегі медицина қызметкерінің функционалдық міндеттері мен ролі қайта қаралады, медицина қызметкерлерінің штаттық нормативтерін есептеу қайта жүргізіледі, медицина қызметкерлерінің білім деңгейін арттырудың бірыңғай кешенді әдістемелік тәсілі қамтамасыз етіледі.

«Соңғы жылдары мектептегі медициналық кабинеттерге тиісті лицензиялар мен қажетті қондырғылар, жиһаз, дәрі-дәрмектер алынды.Мектеп медицинасын Денсаулық сақтау басқармасының қарауына өткізгеннен кейін де біз бұл мәселеге жауапты боламыз. Бастысы, бұл өзгеріс мектептерде жұмыс істейтін медициналық кадрлардың өздеріне оң әсерін тигізбек. Демек, көрсетілетін қызметтер сапасы артады», - деді Білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева.

Өткен жылдары мектептердегі медицина қызметкерлері аттестациядан денсаулық сақтау жүйесінде өтіп келді. Соңғы өзгерістерден кейін олардың еңбекақысы өседі, ал жүктемесі азаяды. Денсаулық сақтау жүйесінде нормативтер бойынша бір мейірбикеге 600 баладан келеді. Ал қазіргі модель бойынша 3000 астам бала оқитын нақты мектепте бір ғана мейірбике (бір жарым ставкаға) жұмыс істейді.Сонымен қатар, денсаулық сақтау жүйесіне өту бүгінде 37 журнал толтырып жүрген медицина қызметкерлерінің функционалдық міндеттерін қайта қарауға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерік Байжүнісовтың айтуынша, бұл ең алдымен өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғауға бағытталған өте маңызды шешім.

«Астана бұл жұмысты республика бойынша бірінші болып қолға алып отыр. Әңгіме біздің балаларымыз туралы болғандықтан бұл мәселе білім беру жүйесінде де, денсаулық сақтау жүйесінде де ең маңыздылардың бірі болып табылады. Бәріміз де олардың денсаулығына алаңдаймыз, сондықтан дәрігерлердің біліктілігіне баса назар аударамыз. Бірінші кезекте, мектептегі медицина қызметкерлерінің барлығы өз біліктіліктерін арттырады», - деді Е. Байжүнісов.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, әрбір оқушымен жеке жұмыс істеуге тиіс болатын, қажет болғанда жүктемені анықтайтын - дене шынықтырумен айналысу сағаттарын, ем-дәм, парта қатарын және т.б. белгілейтін мектептегі медицина қызметкерінің статусын қайта қарау қажет. Бұл ретте дәрігерлердің барлығы қалалық емханаларда деп есептеледі.

Профилактикалық тексеру мәліметтері бойынша соңғы үш жылда оқушылардың ауыру құрылымында бірінші орында тыныс алу органдары аурулары, екінші орында - ас қорыту органдары аурулары, үшінші орында - көз аурулары, төртінші орында - жүйке жүйесі аурулары және бесінші орында - қан, қан жасау органдары аурулары, соның ішінде қаназдық.

Бірнеше жылдан бері заманауи стоматологиялық қызметтер көрсету жағынан оқушыларды сауықтыру мәселесі өзекті болып келеді, өйткені тіс жегі балалар арасында кеңінен тараған аурулардың бірі. Бүгінгі таңда 80 астам қалалық мектептің тек 11 ғана 2004 жылы сатып алынған стоматологиялық құралдар бар. 70 мектепті стоматологиялық құралдармен жабдықтау мәселесі қалалық денсаулық сақтау басқармасымен шешілетін болады. 2016-2019 жж. арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес оқушыларды тамақтандыруды жақсартуға да назар аударылмақ.

Осы өзгерістер денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан бірыңғай жетекшілік етуді қажет етеді. Қабылданған шаралар мектеп жасындағы балаларға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.