Елордада «Мектепке жол» акциясы аясында 7,5 мыңнан астам балаға көмек көрсетілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Мектепке жол» VII республикалық акциясы мәреге жетті. Жыл сайынғы шараның мақсаты жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету, оларға қоғамның қамқорлығын сезінуге мүмкіндік беру болды.

Елордада «Мектепке жол» акциясы аясында 7,5 мыңнан астам балаға көмек көрсетілді

Акция елордада 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін өткізілді. Шара барысында тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан 7 667 балаға көмек көрсетілді, деп хабарлады, astana.gov.kz .

«Акция аясында бірнеше шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Бірінші сынып оқушыларына сыйлық» (мұқтаж отбасылардағы бірінші сыныпқа барған балаларға сыйлықтар табыстау), «Мейірімді қолдар» (ірі сауда орталықтарында орнатылған киім-кешектерді, мектепке қажетті заттарды қабылдауға арналған контейнерлер), «Отбасы отбасыға көмектеседі: баланы мектепке дайындаймыз» акциялары мен 16 және 23 тамызда мектеп жәрмеңкесі өткізілді. Биыл шараға жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, еріктілер мен қала тұрғындары белсенді қатысты», - деді Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Қасымхан Сенғазиев.

«Мектепке жол» акциясының басталуы мен барысы туралы ақпарат Астана көшелерінде 20-дан астам билборд пен пилонда жарияланды, сондай-ақ, №№ 13, 45 және 55а мектептерде ашылған қоғамдық қабылдауларда таратылды», - деді ол.

Қ.Сенғазиевтің айтуынша, алдымен қолдауды қажет ететін тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан балалардың тізімі жасалды. 1 қыркүйек қарсаңында олардың барлығы мектепке қажетті заттармен, киім-кешекпен және спорт киімімен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, демеушілік көмектің арқасында жылы сыртқы киім мен аяқ киімдер таратылды.

Балалардың әлеуметтік себептермен мектепке бармай қалуының алдын алу үшін жалпы 2 584 адамнан жұмыс тобы құрылды. Оған педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, полицейлер мен ата-аналар енді. Топ мүшелері пәтерлерді, жеке және саяжай секторларын аралады.