Елордада мембағдарламамен баспана уәде еткен алаяқ сотталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік бағдарламамен баспана алып беруге уәде еткен алаяқ әйел сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«27 жастағы келіншек мемлекеттік бағдарламамен кезектен тыс тұрғын үй алып беруге уәде берген. Ол азаматтардан әртүрлі сомада қаражат алып отырған. Анықталғандай, күдікті 2015-2017 жылдар аралығында адамдардың сеніміне кіріп, ірі мөлшерде материалдық шығын келтірген. Жалпы сома шамамен 300 млн теңгені құрайды», - деді қалалық Полиция департаментінен.
Күдікті өз кінәсін толық мойындап, №2 «Сарыарқа» аудандық сотының шешімімен ҚК 190-бабы 4-бөлігі, 2-тармағымен 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Аталған қылмыстық әрекеттен зардап шеккен тұлғалар бар болса Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментіне хабарласуы (мекенжай: Бейбітшілік көшесі, 19; +7(7172)71-62-26 немесе 102) тиіс», - деді полициядан.