Елордада мемлекет қаражаты есебінен үйлерді күрделі жөндеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде біраз уақыттан бері тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлерге мемлекет қаражаты есебінен күрделі жөндеу жүмыстарын жүргізу бағдарламасы бар. Оның игілігін елордалықтар да көре бастады. 

Астана күрделі жөндеу
Фото: Астана әкімдігі

Осыған орай «Мемлекет есебінен көпқабатты үйлерді күрделі жөндеу» жобасының жетекшісі Гүлвира Әбетованы сөзге тартып, аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстың жайын білген едік.

- 2023-2024 жылдары меншік иелерінің келісімімен пилоттық жобаны іске асырған едік. Оның аясында қаржыландыруды біріктіріп, процедураны жақсарттық. Қаражатты қайтару жинақ шоты арқылы жүзеге асырылды. Баспана иелері үйлерінің шатырын жөндеп, жұмсалған ақшаны біртіндеп қайтарып жатыр. Ең алдымен, пилоттық жоба аясында мемлекеттік бағдарламаға сенім артты. Екіншіден, меншік иелер арасында жобаға қатысты қаржылық тәртіп жөнге келді. Мемлекет қаражатының сақталуы мен уақтылы қайтарылуы қамтамасыз етілді. Бұл нысаннан жиналған қаражат кестеге сәйкес тікелей қайтарылған бірінші жөндеу жұмысы болды. Лифт, шатыр, жылу пункттерін ауыстыруды күтіп отырған өзге де үйлерге қаражатты жедел бөлу өте маңызды. Сондықтан жөндеу жұмыстарын күту мерзімін төмендету бағытындағы жұмысты күшейткен жөн. Өйткені, үйлер тез тозады, - деді Гүлвира Әбетова.

Астана күрделі жөндеу
Фото: Астана әкімдігі

Айта кетерлігі, бүгінде еліміздің заңнамасында көпқабатты үйлерді күрделі жөндеу жұмыстарын қаржыландырудың мынадай тетіктері қарастырылған:

  • мақсатты жинақ – бұл пәтер иелері жиналысында мақұлданады және ортақ мүліктің құрамын ауыстыру немесе ішінара алмастырумен байланысты жылдық сметаға кірмейді;
  • жинақталған қаражатты пайдалану – барлық нысанда меншік иелері қаражат жинау үшін шот ашуы тиіс. Қажет болған жағдайда осы қаражат есебінен үйге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін меншік иелелерінің жиналысы өтіп, онда сатып алынатын жадбықтар мен жөндеу жұмысын жүргізетін мердігер ұйым бетітіледі;
  • мемлекет қаражаты. Жергілікті бюджет есебінен лифтіні, инженерлік желіні, шатырды ауыстыруға пайыссыз займ беріледі. Одан кейін жұмсалған қаражат қайтарылады. Мемлекеттік орган осы қайтарылған қаражатты басқа үйлерді жөндеуге жұмсайды.
Астана күрделі жөндеу
Фото: Астана әкімдігі

Осы орайда жоба жетекшісі 2023-2029 жылдарға арналған тұрғы үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту тұжырымдамасын түзету қажеттігін айтады. Өйткені, көпқабатты тұрғын үйлерді басқару жүйесіне жаңа субъектілер енгізіліп жатыр. Алайда, орындалуы мен бақылауына қатысты бірыңғай әдіс жоқ.

- Алдағы уақытты олардың нормативтік-құқықтық актілерде көрініс табарына сенім артамыз. Сол кезде біз оң нәтижелерімізді мемлекеттік бағдарламаның барлық қатысушысына тарата алар едік, - деді Гүлвира Әбетова.

Астана күрделі жөндеу
Фото: Астана әкімдігі

«Мемлекет есебінен көпқабатты үйлерді күрделі жөндеу» жобасының жетекшісі мемлекет қаражаты есебінен көпқабатты үйлерді жөндеу барысында тұрғындар әдетте неге шағымданатындығына да тоқталды. Оның атап өтуінше, бүгінде тұрғындардың бәрі бірдей тұрғын үйдің проблемалары талқыланатын жиналыстарға қатысуға уақыт таба бермейді. ал уақыт тапқандардың өзі жиналыс көбіне далада өтетіндіктен у-шудың салдарынан көтерілген мәселені түсінбей жатады.

- Құжаттармен танысуға да мүмкіндіктері бола бермеді. Көпшілігі сметаның не екенін түсінбейді, жөндеу жұмыстары мен материалдардың түрлерін көрмейді. Мұның бәрі тұрғындар тарапынан сауалдар туындатып, процедураларға деген сенімсіздігін тудырады, - деді ол.

Айта кетейік, Астанада қоғамдық көлікке бір күнде 1 млн астам адам мінді.

 

Соңғы жаңалықтар