Елордада мемлекеттік қызметшілер шаңғы спортынан бақ сынайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 4 наурыз күні мемлекеттік қызметшілер шаңғы тебу жарысына қатысады. Астаналық саябақтың шаңғы роллері жолында болатын іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының тестілерін тапсыру бағдарламасы аясында өткелі тұр.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен болатын осы Президенттік сынақта орталық атқарушы органдарда қызмет жасайтын қызметкерлер әртүрлі қашықтар бойынша жарысқа түседі. Әйелдер 2 шақырым қашықтықты бағындыруы тиіс болса, ер азаматтар 3 және 5 шақырымдық жарыс жолына шығады. Сонымен қатар қатысушылар жас ерекшеліктері бойынша бөлінеді.
Бұл іс-шара Қазақстан тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту туралы Елбасының бастамасын іске асыру мақсатында өткізілмек. Жарысқа қатысушылар сенбі күні сағат 9-00-ден бастап тіркеуден өтеді. Ал сағат 10-00-да шаңғы додасы басталады.