Елордада мемлекеттік рәміздердің талапқа сәйкестігі тексерілуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті және инспекциялық топ мүшелерімен бірлесе отырып, мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау саласына мониторинг жүргізе бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат комитеттің сайтына сілтеме жасап. 

Елордада мемлекеттік рәміздердің талапқа сәйкестігі тексерілуде

«Жұмысшы комиссия мемлекеттік органдар, оның ішінде аудандық әкімшілік, сот, прокуратура, мектепке дейінгі және білім беру мекемелерін қамтиды. Мониторинг жүргізу барысында комиссия мүшелері ұлттық стандарттар мен ҚР Мемлекеттік рәміздерін орналастыру жөніндегі ережелердің талаптары түсіндірілді. Аталмыш шара стандарттарға сәйкес келмейтін мемлекеттік рәміздерді қолдануға жол бермеу мақсатында жүргізілуде», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, мемлекеттік елтаңба және елтаңбалық мөр бейнеленген мемлекеттік бланкілерін қолдану бойынша талаптар түсіндірілді.

Комиссия мүшелері ереже талаптарына сәйкес келмейтін мемлекеттік рәміздер қолданып келген бірқатар мемлекеттік органдарды анықтаған.  Комитеттің мәліметінше, мониторинг нәтижесінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қолдану бойынша бірқатар ұсыныстар берілген. Бүгінгі таңда комиссия бұл бағыттағы жұмысын жалғастыруда.