Елордада мемлекеттік сатып алуда қаражат жымқырған кәсіпкер сотталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада жанар-жағар май бойынша мемлекеттік сатып алуда ірі көлемде қаражат жымқырған кәсіпкер сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетіне сілтеме жасап.

Елордада мемлекеттік сатып алуда қаражат жымқырған кәсіпкер сотталды

«Қаржы мониторингі комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті 2017-2019 жылдар аралығында мемлекеттік сатып алуда бюджет қаражатын жымқырып, мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірген кәсіпкерге қатысты қылмыстық істі аяқтады. Аталған мерзімде кәсіпкердің нақты басқаруымен 4 ЖК Қазақстан аумағында әртүрлі мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелер жүргізетін бензин мен дизель отынын (жанар-жағар май) жеткізуге баға ұсыныстарын сұрату арқылы электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысқан. Нәтижесінде әрбір жағдайда ЖК ең төменгі бағаны ұсынған жеңімпаз ретінде танылып отырған», - делінген хабарламада.

Осылайша, кәсіпкер 2017 жылдың қыркүйек айынан 2018 жылғы қазан айына дейінгі аралықта мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша тапсырыс берушілерден түскен ақша қаражатын жымқырып, жеке мақсатта пайдалану үшін қолма-қолға айналдырған.

«2020 жылғы 9 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының №2 соты үкімімен айыпталушы 4 жылға мемлекеттік сатып алумен байланысты кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылып, 6 жылға сотталды. 2020 жылдың 11 маусымында Нұр Сұлтан қаласының апелляциялық соты сотталушыға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот үкімі заңды күшіне енді», - деп хабарлады комитет.