Елордада мемтапсырыстағы бұзушылықтарды анықтайтын ақпараттық жүйе енгізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада мемлекеттік тапсырыс барысында бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануға жол бермейтін ақпараттық жүйе енгізіледі. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қалалық департаменті директорының орынбасары Жазира Жылқышиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Наурыз айынан тендер басталады, ал бұл - миллиардтаған қаржы. Бағаның көтермеленгенін немесе шығындалғанын алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін арнайы ақпараттық жүйе бар. Қазір біз бұл жүйені әкімдікке ұсыныс ретінде беріп отырмыз», - деді ол.
Оның айтуынша, аталған жүйе бюджет қаражатын жоспарлау және порталда орналастыру кезінде-ақ бюджет қаражатының тиімсіз пайдалануға жол берілетіндігін бірден анықтайды.
«Бүгінде бұл жұмысты қызметкер атқарып жатыр және ол барлығын мониторинг жасап отырады. Өткен жылы да қызметкердің көмегімен мониторинг жүргізіп, 245 млн теңге үнемдедік. Яғни, бұл қаражат өзге біреудің қалтасына түсіп кетуі мүмкін еді. Біз оның жолын кестік. Ал жобалық топ ұсынып отырған жаңа жүйе мұның барлығының алдын алып, автоматты режімде бірден анықтауға мүмкіндік береді», - деді Жазира Жылқышиева.
Айта кетейік, бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп, мемлекеттік қызметшілердің әдеп деңгейін көтеру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында пікірталас түрінде семинар өткізген болатын.