Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елордада мерекелік халықтық серуен өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Наурыз мейрамына орай халықтық серуендер өтіп жатыр. Мереке екі күн бойы тойланады, деп жазады елорданың ресми сайты.

Елордада мерекелік халықтық серуен өтіп жатыр

Басты шаралардың бірі «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда өтті. Әдеттегідей, киіз үйлер тігіліп, спорт жарыстары ұйымдастырылды, алтыбақан орнатылып, концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.

«Жыл сайын киіз үйлер тігіп, бауырсақ таратамыз, наурыз көже мен қымыз ұсынамыз. Киіз үйлерде дастархандар жайылды. Ең басты мерекелердің бірі - гүлдену мен халық бірігетін күн. Бүгін қонақтарды таңғы сағат 8-ден бастап қарсы алудамыз. Үлкен-кішінің барлығы кеп жатыр», - деді қалалық басқармалардың өкілдерінің бірі Айман Шынбаева.

Халық арасында күрес, гір спорты, армрестлинг, арқан тарту, асық ату жарыстары өткізілді. Қалалық мәдениет мекемелері адамдарға мерекелік көңіл күй сыйлауда. Жас театр әртістері астаналықтардың назарына тақырыптық көріністер ұсынуда.

Мерекелік шаралар «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда, сондай-ақ, қалалық алаңда да өтіп жатыр. Қалалық қызметтер киіз үйлер тігіп, тәтті-дәмділер таратып, сәндік бұйымдарды көпшілікке көрсетуде.

Айта кетейік, елордада халықтық серуен ертең де өтеді. Мерекелік шаралар «Студенттік» және «Жерұйық» парктерінде, «Астана-Арена» стадионы жанындағы этноауылда, қалалық алаңда, Қазақ елі монументінің және Бәйтерек монументінің жанындағы алаңдарда ұйымдастырылады.