Елордада «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы төртінші рет өткізіледі, оған еңбек, спорт, шығармашылық, интеллектуалдық және ғылым салаларында жоғары жетістіктерге қол жеткізген отбасылар қатыса алады, деп хабарлайды елорданың ресми сайты.
Ертеңнен бастап ұлттық конкурсты дайындау және өткізу бойынша ұйымдастыру комиссиясы қатысушылардан өтінімдерді қабылдай бастайды.
«Мерейлі отбасы» конкурс 3 кезеңмен өткізіледі: бірінші кезең - аудандық (қалалық); екінші кезең - облыстық; үшінші кезең - республикалық.
Конкурсқа қатысуға өтінімдер тиісті құжаттар қоса тіркелген арнайы нысан бойынша аудандық әкімдіктердің ішкі саясат бөлімдері мен Астана қаласының Ішкі саясат басқармасында 2016 жылғы сәуірдің 1-нен 30-на дейін қабылданады.
Айта кетейік, өтінімдерді қарау барысында комиссия өкілдері отбасы мүшелерінің жетістіктерінің маңыздылығы мен санына, отбасылық дәстүрлер мен жәдігерлерге, рухани-адамгершілік құндылақтарға, арғы тектерін білуіне және т.б. назар аударатын болады.
Өткен жылы шығармашыл Жүгінісовтар мен спортшы Елеусіновтер әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының елордалық кезеңінің жеңімпаздары атанған болатын.
Толық ақпаратты 556708, 556701 телефондары арқылы алуға болады.