Елордада мүгедек балаларға қайырымдылық мерекесі ұйымдастырылды

АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат - Астанадағы №64 «Асыл бөбек» балабақшасында Мүгедектер күніне орай мерекелік іс-шаралар өтті. Оған мүмкіндігі шектеулі 60 бала қатысты.

Елордада мүгедек балаларға қайырымдылық мерекесі ұйымдастырылды

Іс-шара барысында табиғи материалдардан, көкөністер мен жемістерден жасалған бұйымдардың «Күз тартуы» байқауы, ересек және дайындық топтағы балалардың шығармашылық туындыларының «Алтын күз» көрмесі өткізілді. Сонымен қатар, қолдан жасалған бұйымдар, натюрморттар мен күзгі жапырақтардардан жасалған гүл шоқтары көпшілік назарына ұсынылды. Мерекелік шара кезінде «Біз мықтымыз, батылмыз және ептіміз», «Кім жүрдек?», «Ең епті», «Өнім жина», «Шеңбермен эстафета» сынды спорт жарыстары ұйымдастырылды. Балалар «Тақия тастамақ», «Қыз қуу», «Асық жинау», «Кім ұшады» ойындарын ойнады.

Мереке мүмкіндігі шектеулі балалардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен аяқталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаты - балалардың, мүгедектердің қоғамда әлеуметтенуіне көмектесу, олардың ішкі әлеуеттерін ашу, сондай-ақ, әр баланың өз-өзіне деген сенімін дамыту. Іс-шараны Балалардың құқығын қорғау басқармасы, ЮНИСЕФ және Н.А.Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ұйымдастырды, деп хабарлайды astana.kz сайты Балалардың құқығын қорғау басқармасына сілтеме жасап.