Елордада мүмкіндігі шектеулі адамдар қайырымдылық акциясында тегін медициналық көмек алды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Салауатты Астана» отбасылық дәрігерлік орталығы мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға арналған қайырымдылық акциясын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұндағы мақсат – аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғызбасты қарт зейнеткерлерге көңіл бөлу, сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі адамдардың проблемаларына баса назар аударып, өмір сүру сапасын жақсарту. Шараға бүгін 50-ден астам адам қатысты.
«Бүгінгі өткізіп отырған шара әр қарт адам мен мүмкіндігі шектеулі жандардың назарымыздан тыс қалмайтындығының белгісі. Оларға ерекше күтім қажет. Әрдайым осы топтағы науқастарымыздың үйлеріне мамандарды жіберіп, медициналық тексерулер ұйымдастырылады. Арнайы жедел жәрдем қызметіміз емханада тексерілу қажет болғанда,оларды апарып, алып кетіп демеп отырады. Біз үшін әр пациенттің жағдайы маңызды. Біз үшін әр пациент қымбат», - дейді «Салауатты Астана» филиалының басшысы Алмагүл Базарова.



«Салауатты Астана» отбасылық дәрігерлік орталығы қонақтарға жарқын концерттік бағдарлама дайындапты. Сонымен қатар, шараға әр келуші медициналық тексерістен тегін өтіп, мамандардан кеңес алды. Атап айтсақ кардиолог, лор, хирург, невропатолог, эндокринолог, УДЗ, ОБП (іштің мүшелеріне) мамандары келушілерге пайдалы кеңеспен бөлісті.
Акция қатысушы астаналық көп балалы және мүмкіндігі шектеулі баласы бар азаматтар орталықтың дәрігерлеріне ризашылығын білдірді.
««Салауатты Астана» отбасылық дәрігерлік орталығының ұжымына алғысымызды айтқымыз келеді. Әрбіріміз денсаулығымызды сақтай білейік. Орталықтағы дәрігерлер өте қарапайым, кішіпейіл. Бүгін жүрегімді кардиолог, невропатолог тексеріп жатыр. Кеңпейілдікпен денсаулығымызды қарауда. Бұл акция жалғасын табар деген сенімдемін», - дейді орталыққа келген зейнеткер Сүйімхан Рахметоллақызы.




«Салауатты Астана» ЖШС халықтың әлеуметтік осал топтары үшін (кезексіз дәрігерден кеңес алу) тегін медициналық көмектің кепілдендірілген мүмкіндігін ұсынады. Қазіргі уақытта орталыққа тіркелденгер саны 70 мыңға жуық. Оның ішінде, көп балалы аналар – 348, мүгедектер – 932, Жалғыз басты қарттар – 18,аз қамтылған отбасылар - 77.












