Елордада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған акция өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында 22 шілде күні сағат 09:00-де мүгедек балаларға, сонымен қоса көпбалалы және тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балаларына арналған «Қайырымдылық арқылы бірлікке» атты акция өтеді.

Елордада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған акция өтеді

Акцияны ұйымдастырушылар Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Республикасы «Қызыл Ай» қоғамының Астана қалалық филиалы, Есіл ауданының мүгедектер қоғамы, Астана қаласының ішкі істер департаменті болып табылады. Шара сондай-ақ Астана қаласының әкімшілігі мен «Жария Халықаралық орталығы» қоғамдық қорының қолдауымен өтуде.

Акция барысында мүгедек, көпбалалы және жағдайы төмен отбасылардан шыққан 30 бала Астана қаласының «Экодеревня» демалыс орнына барады.

ҚР «Қызыл Ай» қоғамының Астана қалалық филиалының еріктілері демалыс барысында әртүрлі ойындар мен қызықты байқаулар өткізеді. Бағдарлама барысында балаларға сыйлықтар мен түрлі тағамдар тарту қарастырылған.

Астананың полиция қызметкерлері шараның қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қоса, балаларды ойын тәртібімен таныстырып, қоғамдық орын мен көшедегі тәртіпті сақтауға үйретеді. Бұл акция Астана қаласының Бейбітшілік және келісім жол картасы жобасының аясында өткізіледі. Жобаның мақсаты өзге ұлттар арасындағы бірлікті сақтау, қоғамдық, этникалық және мәдени келісімді, ұйымдар арасындағы байланысты дамыту болып табылады.

Шараға қатысушылар Бейбітшілік және келісім символы ретінде өз қолтаңбаларын Ескерткіш кітабында қалдырады.