Елордада «Музей әлеміне саяхат» атты балалар көркем сурет көрмесі ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық музейінде ертең Халықаралық музей күніне орай «Кескіндеме және графика» үйірмесі қатысушыларының жұмыстарынан құралған «Музей әлеміне саяхат» атты балалар көркемсурет көрмесі ашылады. Бұл туралы Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметінен хабарлады.
Көрменің басты мақсаты - үйірме оқушыларының шығармашылық жұмыстарын қорытындылау және жасөспірімдердің эстетикалық тәрбиесін қалыптастыру.
«Шебер» студиясының «Кескіндеме және графика» үйірмесі 2015 жылдың маусым айынан бастап жұмыс істеп келеді. Үйірмеде Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы мүшесі Мұхтар Байбосынов дәріс береді.