Елордада Мыңбай Рәштің «Қызығым да шыжығым да - өзімде» атты шығармашылық кеші өтеді
АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат - ҚР Президенттік мәдениет орталығының концерт залында 19 қараша күні сағат 19.00-де қазақтың көрнекті эпик ақыны, сатирик-жазушысы, жыршысы,
ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Халықаралық сықақшылар байқауының жеңімпазы Мыңбай Ахметкәрімұлы Рәштің 80 жасқа толуына арналған «Қызығым да шыжығым да - өзімде» атты шығармашылық кеші өтеді.
Қазақ сатирасының ақсақалы, ақын-сатирик Мыңбай Рəш 1930 жылы Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында дүниеге келген. Абай атындағы педагогикалық институтының тіл-әдебиет бөлімін тәмамдаған. Тұңғыш туындысы «Алғашқы борозда» деген атпен 1955 жылы жеке жинақ болып жарық көрген. «Лениншіл жас» газетінде (бүгінде «Жас Алаш»), «Ара» басылымдарында бөлім меңгерушісі, «Қазақстан» баспасында бас редактор қызметтерін атқарған. Қарымды қаламгердің «Біле қойдым», «Бетің қисық болса...», «Тсс... тісіңнен шығарма», «Мұржа мұрын», «Кері тартқанды бері тарт», өзге де көптеген сықақ кітаптары жарық көрген. Сондай-ақ, проза жанрында «Жеңіс жолдары» хикаятын, «Мен айтпай сірə, кім айтар», «Жұлдыздар жаңғырығы» атты естелік жазбалары бар. Оның фельетондары мен новеллалары, памфлеттері, көсемсөз бен жол суреттемелері әртүрлі басылымдарда үзбей жарияланып келеді.
Ақынның балаларға арналған шығармалары да бір төбе: «Қиял қанаты» (1964), «Терек пен тікенек» (1978), «Суылдақ» (1989) кітаптары.
Қаламгердің əдеби еңбегі жоғары бағаланып, оған «ҚР еңбек сіңірген мəдениет қызметкері» атағы берілген. «Ерен еңбегі үшін», «Тың жерді игергені үшін» «Қазақстан Республикасы тəуелсіздігінің 10 жылдығы» медальдарының иегері.