Елордада насыбай өндіретін жерасты цехтар әшкереленді

АСТАНА. KAZINFORM – Елорданың барлық аудандарында 18 наурыздан бастап вейп пен насыбайдың заңсыз таралуы мен қолданылуын анықтау мақсатында рейдтер жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде бірқатар заңсыз іс-әрекеттер белгілі болды. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты жазды.

Насыбай
Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

«Рейд басталғаннан бері елорданың бес ауданында 700-ге жуық сауда нүктелері тексерілді. Полиция департаментінің қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп, шекпейтін темекі өнімдерін, оның ішінде насыбай өндірісі бойынша жерасты цехтарын сатудың 145 фактісін анықтады. Астана бойынша құны 20 млн теңгеден асатын 4 тонна насвай тәркіленді. Тәркіленген барлық өнім жойылды», - делінген хабарламада.

Рейдтік іс-шаралар апталығында Нұра ауданында 90-ға жуық дүкен тексерілді.

«18-26 наурыз аралығында Нұра ауданы әкімдігі аппаратының кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері аудандық полиция басқармасымен бірлесіп рейд жүргізді. Іс-шара барысында Асфендияров, Анет баба, Сығанақ, Р.Бағланова, Ұлы дала және Исатай батыр көшелерінде орналасқан насыбайды заңсыз сату бойынша 87 дүкенде профилактикалық түсініктемелер жүргізілді. Сондай-ақ 6 дүкенге 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Бүгінгі таңда 20-ға жуық дүкенге тексеру жүргізіліп, сатушыларға түсініктемелер берілді. Рейдтер 31 наурызға дейін жалғасады», — деді Нұра ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Бектемір Жолжасқажиев.

Байқоңыр ауданында сауда нүктелерінде жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. 

Аудан полициясының учаскелік инспекторының айтуынша, шекпейтін темекі өнімдерін заңсыз сататын сауда нүктелеріне және вейп сатушыларға әкімшілік хаттама мен 25 айлық есептік көрсеткіш немесе 92 300 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Сарыарқа ауданында жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында 23 кәсіпкерлік нысаны зерттелді. Оның ішінде 2 дүкен иесіне айыппұл салынды. Сонымен қатар аудан бойынша 60 келіге жуық насыбай тәркіленді.

Елорданың сауда нүктелері бойынша рейдтер күн сайын өтеді.

Еске сала кетейік, жақында Парламент вейптерге тыйым салатын заңды бекіткенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ, депутат Жарқынбек Амантайұлы насыбай сияқты зиянды заттар сататын сауда орындарын бақылауды сұрап, мектеп оқушылары еш кедергісіз насыбай атып жүргеніне алаңдаушылық білдірген еді.