Елордада некеге тұру өтінімдерін Интернет арқылы тіркеуге болады

АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Астанада некеге тұру өтінімдерін Интернет арқылы тіркеуге болады.Бұл туралы бүгін Астанада елордалық Әділет департаментінің бастығы Қанат Мусин мәлім етті.

Елордада некеге тұру өтінімдерін Интернет арқылы тіркеуге болады

«Соңғы жылдары мемлекеттік қызмет көрсету үдерісіне елеулі өзгерістер енгізілді. Ақпараттық технологиялардың дамуы бүгінде халыққа қызмет көрсетуді сапалы жаңа деңгейде жасауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл бағытта бізде бірқатар қызметтерді электронды форматқа ауыстыру шаралары қабылданды. Мәселен, өткен жылы алғаш рет заңды тұлғаларды онлайн тіркеу қызметі, сондай-ақ куәліктің көшірмесін, электронды анықтамаларды Интернет арқылы алу іске қосылды», - деді департамент бастығы.

Оның сөзіне қарағанда, некеге тұруға ниетті азаматтардан өтінімдерді Интернет арқылы қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Бұл қызмет түрін былтыр 17 жұп пайдаланды. Яғни, жергілікті АХАТ-қа барып, кезекте тұрудың қажеттілігі жоқ. Атап айтқанда,   портал арқылы некені тіркеуге өтінім беру мүмкіндігі жасалып отыр»,-деді Қ. Мусин.

Сонымен қатар ол биылдан бастап «электрондық үкімет» порталында электронды қызметтің жаңа түрлері енгізілгенін айтып өтті.