Елордада оқитын студенттер саны былтырғыға қарағанда 4,7 пайызға артты
АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда Астанадағы 14 жоғары оқу орнында 48 606 студент білім алуда. Өткен жылмен салыстырғанда елорда жоғары оқу орындарында оқитын студенттер саны 4,7 пайызға артқан. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің astana.kz сайтынан хабарланды.
Атап айтқанда, мемлекеттің білім грантымен оқитын студенттер саны 17 664 адамды (36,3 пайыз) құрап отыр. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитындар 2 368 адамға (4,9 пайыз), ақылы негізде білім алушылар - 28 574 адамға (58,8 пайыз) жеткен. Мәлімет бойынша, барлық студенттердің 86 пайызы күндізгі бөлімде, 13,2 пайызы - сырттай және 0,8 пайызы кешкі бөлімде оқиды.
Бұдан бөлек, 2012-2013 оқу жылының басында елорда ЖОО-да 4 668 оқытушы дәріс берді. Олардың 10,1 пайызының ғылым докторы, 32,2 пайызы ғылым кандидаты дәрежесі, сондай-ақ 6,7 пайызының - профессор, 15,3 пайызының - доцент, 3,7 пайызының - философия докторы (PhD), 0,1пайызының - кәсібі бойынша доктор атақтары болды. Академиялық магистр дәрежесі бар оқытушылар 11 пайызды құраған.