Елордада оқушыларды тамақтандыруға бөлінетін сома артады

Бүгін Астанада қалалық кәсіпкерлер палатасы алаңында мектеп оқушыларын сапалы тамақтандыру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Kazinform.

мектеп
Фото: Кazinform

"Мектептегі тамақтану бойынша мәселе бюджеттің тапшылығымен байланысты. Бүгінде жаңа ас мәзірі дайын: Бірақ жаңа мәзірді қалалық Білім басқармасы да, бизнес өкілдері қабылдамай отыр. Өйткені, олар бағаны 600 теңгеге дейін өсіру туралы шешім қабылдамақшы. Жеке меншік мектептердің алатын сомасы мемлекеттіктен екі есе артық. Оларда бірнеше рет тамақтандыру мүмкіндігі бар. Кейбір кәсіпкерлердің құрал-жабдығы тозған, олар несие алу керек. Бұл қосымша шығын. Сосын жұмысшылардың жалақысы бар, оны да көтеру керек», - деді Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев жиын барысында.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер мектептегі тамақтандыру бойынша өз міндетін орындауға дайын. Дегенмен оларда табыс көру керек.

«Тамақтандыру бойынша 3 ұсыныс бар, егер қалалық мәслихат қолдаса орташа есеппен немесе жоғарырақ есеппен қаралады. Кәсіпкерлер тамақ бағасын 800 теңгеге дейін көтеруді сұрап отыр. Қазір мектептегі тамақтың бағасы 584 теңге. Одан бөлек, бүгінгі отырыста мектептегі буфет бағасы да бақылауға алынады. Балалар бағаға қарамайды, ала береді, ал баға шамадан тыс болмауы керек», - дейді ол.

Сондай-ақ, қалалық кәсіпкерлер палатасының басшысы, мектептегі тамақтандыру бойынша қарашада мәслихатқа ұсыныс берілетінін айтты. Егер мәслихат бекітсе, келесі жылдан бастап баға өседі.