Елордада оқушылар арасындағы ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары марапатталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті музейінде оқушылар арасындағы «Әлемді өзгертетін идеялар» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Елордада оқушылар арасындағы ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары марапатталды

Байқауда «Күн сәулесі арқылы жарықтандыру құрылғысы» және «Ел экономикасының баламалы түрге - «Жасыл экономика» форматына ауқымды бетбұрысы» тақырыбындағы жобалармен Асхат Әбубәкіров пен Әсел Орынбекова көш бастады.

Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған шара «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде қоғамдағы өзекті мәселелерді танып-білуге және жүзеге асыруға бағытталған оқушылардың ғылыми-зерттеушілік және оқу-танымдық қызығушылығын ынталандырады.

Биыл байқау екінші рет өткізілді, оған 36 жобамен 46 бала қатысып, өздерінің ғылыми жобаларын қорғады. Байқау үш кезеңмен өткізілді. Бірінші тур қалалық мектептерде ұйымдастырылды, содан кейін жобалар сараптамадан өткізілді, ал үшінші кезеңде мектептер өзара жарысты.

Қазылар алқасының шешімімен байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері политехникалық және гуманитарлық бағыттар бойынша анықталды. Ғылыми жобалардың басым бөлігі қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жоғары технологияларға арналған.