Елордада оқушылар қоқысты бөлек жинауды үйренді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада тұрмыстық қалдықты бөлек жинауға қатысты жобаның екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің сайтына сілтеме жасап. 

Елордада оқушылар қоқысты бөлек жинауды үйренді

27 қазаннан бастап қалдықтарды екінші рет жинақтау үшін қаланың барлық мектептеріне сары контейнерлер орнатыла бастады.

Қаланың 30 мектебінде «Vпереработку» акциясы бойынша оқыту басталды. № 14 мектеп-гимназияда оқушылар мен ата-аналар үшін қалдықты бөлек жинауға арналған тақырыптық сабақ өтті.

«Бұл шара балаларды үлгілі болуға, қоқысты бөлек жинаудың мәдениеті мен қоршаған ортаны сыйлауды үйретеді. Бұл ауламыздың, қаламыздың қала берді әлемнің тазалығын сақтау үшін маңызды», - деді Қоғамдық бастамаларды дамыту қоры төрағасының орынбасары Әсел Мұқанова. Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасының бас маманы Айнұр Солтанғұлова балаларға жобаның мәнін түсіндірді.

«Шикізатты қайтадан өңдеуге болады, яғни металл, шыны, қағаздан жаңа өнім дайындалады. Мысалы 7 пластик бөтелкеден бір футбол формасын жасауға болады, Nike компаниясы осындай акция ұйымдастырды. Мұндай бастама әлемде көп, сіздер жастар қоршаған ортаны жақсартуға үлес қосыңыздар», - деді ол.

Қалдықты бөлек жинау бойынша конкурста жеңімпазға бір себет алма берілді.

№ 14 мектеп-гимназияның директоры Олег Надеин қоқыстың «екінші шикізат» екенін, оның қайта өңдеуге болатынын айтты.

«Біз бұрын тастай салатын қоқыстардан өзге материал өндіруге болады. Бүгінде біздің алдымызда қоқысты тастай салмай сұрыптап, өңдеу міндеті тұр. Оқушылар қалдықты бөлек жинауға әдеттенсе қоғамда бұл кеңірек тарайды. Шараның арқасында ауданымыз тазара түсті», - деді ол.